Елімізде жолдарды басқаруға арналған «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев жол саласын дамыту және цифрландыру мәселелері туралы баяндады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы автомобиль көлігімен тасымалдарды дамытуға ерекше назар аударды. Оның дамуының ажырамас факторы сапалы жол инфрақұрылымының болуы. 2024 жылы рекордтты көлемде 12 мың шақырым жол жөндеумен қамтылды, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, республикалық жолдардың 94%-ы, жергілікті жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайға жеткізіледі.
«Қазіргі уақытта автожол саласында цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Барлық ақылы жол учаскелерінде KazToll жол жүру ақысын төлеу жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр. 2024 жылы Бас прокуратураның ЕРАП жүйесімен интеграциялау аяқталып, „Орташа жылдамдық“ жобасы іске қосылды. Жасанды интеллект технологиялары арқылы жол жағдайын бағалау мерзімін 4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік беретін Smart Road Diagnostic System (SRDS) жүйесі енгізілді», — деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ биыл Автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС) жүйесінің ЕРАП-пен интеграциясы аяқталады, бұл ауыр салмақты көліктерге қатысты әкімшілік өндірісті оңтайландыруға жағдай жасайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, автожол саласындағы қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылып, олар интеграцияланады.
«Платформа автомобиль жолдары бойынша ақпаратты жинау мен есепке алу жүйесін қамтиды және жол саласын дамыту үдерістерінің ашықтығын, жол активтерін сенімді түрде бақылау мен тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Платформа негізінде автожолдарды пайдаланушылар, белсенді азаматтар, жергілікті атқарушы органдар және жол активтерін басқаруға жауапты мамандар арасындағы қарым қатынас автоматтандырылады. Оны қолданысқа енгізу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Министрлік жол саласындағы жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және уақтылы орындайды», — деп түйіндеді сөзін министр.