ҚР мен ҚХР шекарасында транзиттік жүктерді ресімдеудің цифрлық платформасы іске қосылды
Қазақстанның Қытаймен шекарасында Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша өтетін жүктердің кедендік транзитін декларациялау процесі автоматтандырылды.
Global DTC компаниясы «KTZ Express» АҚ-мен (Қазақстан темір жолы ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы) бірлесіп Tez Customs цифрлық платформасын іске қосты. Tez Customs-ты енгізу қағазсыз құжат айналымына көшуге және кедендік рәсімдерден өту уақытын пойыз шекаралық станцияға келген сәттен бастап 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Платформа құжаттарды алдын ала дайындауды, транзиттік декларацияларды автоматты түрде тіркеуді және шығаруды қамтиды. Бұл логистикалық процестерді оңтайландыруға, ресімдеудің барлық кезеңдерінің ашықтығын арттыруға және кедендік операциялар уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, ҚТЖ ҰК АҚ мен Global DTC компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында Tez Customs 2024 жылғы мамырдан бастап Алтынкөл — Сарыағаш бағытындағы Қытай — Орталық Азия бағыты бойынша транзиттік жүктерді ресімдеу процесін толығымен автоматтандырды.
2024 жылғы қазанда платформаны қолдану аясы ТХКБ-ға кеңейтілді. Платформаның жұмысы барысында Қытай-Орталық Азия бағыты бойынша 54 мыңнан астам транзиттік декларация автоматты рәсімделді, ТХКБ бойынша — 5 мыңнан астам.
Анықтама: Global DTC — DTC платформасын әзірлеуші және операторы, Сингапурдың технологиялық компаниясы. Global DTC жетекші әлемдік порт операторы — PSA International тобының мүшесі болып табылады.