Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Талдықорғанда Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды
Талдықорған жоғары политехникалық колледжінде еліміздегі заманауи Fab-Lab инновациялық зертханасы ашылды.
Инновациялық зертхана студенттердің инженерлік және цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі. Fab-Lab (Fabrication Laboratory) — әлемнің жетекші оқу орындары қолданатын цифрлық өндіріс зертханалары желісінің халықаралық форматы.
Зертхана үш негізгі бағытта жұмыс істейді:
— Робототехника зертханасы — NAO гуманоид роботтары мен WorldSkills стандарттарына сай платформалар арқылы құрастыру және бағдарламалау дағдыларын дамытуға арналған.
— 3D модельдеу және 3D басып шығару зертханасы — Fusion 360, SolidWorks, Blender бағдарламаларында прототиптер мен цифрлық модельдер жасауға мүмкіндік береді.
— Жасанды интеллект зертханасы — Python, машиналық оқыту, компьютерлік көру және нейрондық желілер бойынша практикалық білім алуға бағытталған.
«Жұмысшы мамандықтар жылында осындай заманауи зертханалардың ашылуы — еліміздің болашақ инженерлері мен техниктерін дайындаудағы үлкен стратегиялық қадам. Fab-Lab жастардың тек оқып қана қоймай, нақты өнім жасап, инновациялық жобалар әзірлеуіне мүмкіндік береді. Бұл — еңбек нарығына қажетті жаңа буын мамандарын қалыптастырудағы маңызды бастама», — дейді Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетов.
Жаңа орталық студенттерге теорияны тәжірибемен ұштастырып, өз идеяларын іске асыруға, өнеркәсіп пен IT саласына қажетті жобалар әзірлеуге жол ашады.