Следите за новостями

Цифра дня

45 проектов по Модельным цифровым фабрикам реализуется в РК

    Қазақстанда 100-ден астам көпірдің цифрлық көшірмесі жасалды

    Қазақстанда көпірлерді басқарудың бірыңғай жүйесіне пилотсыз ұшу аппараттары, цифрлық көшірмелер және жедел мониторинг әдістері енгізілуде.

    12 июня 2025 14:09, Profit.kz
    Рубрики: Qazaq IT

    Цифрландыру инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттырып, оны күтіп-ұстауға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

    Елімізде көлік инфрақұрылымын басқару ісіне цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Осы бағыт аясында Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) көпірлердің техникалық жай-күйін диагностикалау, бақылау және болжау бойынша мәліметтерді қамтитын Көпірлерді пайдалану және басқару жүйесін — бірыңғай цифрлық платформаны іске асыруда.

    2023 жылдан бастап жоба аясында Павлодар, Орал және Астана айналма жолдары сынды күрделі құрылымдарды қоса алғанда, 100-ден астам көпір тексерілді. Бүгінде олардың үшөлшемді цифрлық көшірмелері әзірленіп, бұл құрылымдардың жай-күйін қашықтан бақылауға және тәуекелдерге жедел ден қоюға мүмкіндік беріп отыр.

    2025 жылы тағы 60 көпірді тексеріп, олардың барлығына цифрлық көшірме жасау жоспарланған.

    «Жүйе реактивті қызмет көрсетуден проактивті басқаруға көшуге жол ашады. Біз ел аумағында бірыңғай цифрлық база құрып, тексеру нәтижелерін біріктірудеміз, сонымен қатар бақылаудың автоматтандырылған әдістерін енгізіп жатырмыз. Бұл көпірлердің қауіпсіздігі мен күтіміне деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді», — деді «ҚазжолҒЗИ» көпір және жол құрылыстары басқармасының басшысы Шалқар Қайсар.

    Жоба аясында іске асырылып жатқан негізгі шаралар:

    — қолжетімсіз және ірі габаритті нысандарды қоса алғанда, көпірлерді визуалды тексеру үшін пилотсыз ұшу аппараттарын қолдану;
    — техникалық жай-күйді бақылау және талдау үшін үшөлшемді цифрлық модельдерді әзірлеу;
    — пайдалану жай-күйін бағалау әдістемелері мен мониторинг жүйелерін құру қағидаттарын қамтитын нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу.

    2025 жылдан бастап, қозғалысты тоқтатпай-ақ жедел диагностика жүргізуге мүмкіндік беретін мобильді экспресс-мониторинг жүйесі енгізілмек.

    Атқарылып жатқан жұмыс ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің бақылауымен жүргізілуде. Алдағы уақытта жүйе республикалық маңызы бар барлық көпірлерді қамтып, инфрақұрылымды ашық, нақты әрі тиімді басқаруға мүмкіндік бермек.

    Бүгінде Қазақстанда 3500-ден астам көпір пайдаланылуда. Олардың едәуір бөлігі өңірлік және жергілікті жолдарда орналасқан. Көпшілігі пайдалану мерзімінің шегіне жеткенін және тұрақты тексеру мен техникалық бақылауды қажет ететінін ескеру керек.

    Подписывайтесь на каналы Profit.kz в Facebook и Telegram.