Қазақстан KazanForum 2025 алаңында сауданы цифрландырудағы жетістіктерін таныстырды
Іс-шара аясында қазақстандық тарап «Тауар айналымының қадағалану ақпараттық жүйесі» жобасын таныстырды.
Татарстан Республикасында өткен «KazanForum 2025» XVI Халықаралық экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Асет Ильясович Нусупов бастаған қазақстандық делегация «Цифрландыру: жаңа шынайылық және ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері» тақырыбындағы пленарлық отырысқа қатысты.
Сол күні вице-министр Асет Нусупов «Ресей — Қазақстан сауда-өнеркәсіптік диалогы» атты дөңгелек үстел жұмысына қатысып, Қазақстан Республикасы мен Татарстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Дөңгелек үстел барысында қазақстандық тарап сауда саласындағы цифрлық трансформацияның негізгі жетістіктерін ұсынып, цифрландыру арқылы сауда процестерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған бастамаларды таныстырды. Сондай-ақ Қазақстан мен Татарстан арасындағы өзара тауар айналымының негізгі көрсеткіштері ұсынылды.
Іс-шара аясында қазақстандық тарап «Тауар айналымының қадағалану ақпараттық жүйесі» жобасын таныстырды. Аталған жүйе саудадағы ашықтықты қамтамасыз етіп, жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыруға, маусымдық баға ауытқуының әсерін азайтуға және халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, электрондық және биржалық сауданың даму үрдістері, қағазсыз құжат айналымы және цифрлық транзакциялар тетіктері талқыланды.
Отырыс қатысушылары заманауи экономикалық шынайылыққа бейімделу үшін бизнес жүргізу тәсілдерін трансформациялау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Татарстан кәсіпорындарын Қазақстан аумағында локализациялау, сондай-ақ бизнес-процестерге Адизес әдіснамасын енгізу (ұйымдағы түбегейлі өзгерістер арқылы бейімделу) секілді нақты мысалдар келтірілді.
Сессия қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.